Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  136


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Сері сезім кеудемді шабақтадың...

Сері сезім кеудемді шабақтадың,
Алып қашып арымнан сан аттадың.
Ессіздердің ортасы...
Керегі жоқ,
Алтыныңды жаныма жалатқаның.
Шуақтарың сөнеді жарқыраған,
Қайта, қайта боламын артыма алаң.
Жайы түсіп жайсыздың жайпар мені,
Тайынбаймын, у берші, тартып алам.
Жаратқаның бекер-ау, жанымды ерек,
Түсінемін, көремін бәрін бөлек.
Сері сезім, қинама, тұтқындасың –
Махаббаттың барлығын мәлімдер ек.
Аясынан көзімнің жас ағады,
Кіреуке мұң кірпікті тасалады.
Аласұрам бурадай ақпандағы,
Қандай пенде қайғымды баса алады?..
Сазған жүрек көр тартып сарғаяды,
Шемен шердің беріші бар баяғы.
Бұл әлемге симаймын, тұншығамын,
Қыстығудың жалғанда, бар ма аяғы?..
Мүжілемін мұқалып тоздым, тындым,
Көзсізденіп қоламта қозға ұмтылдым.
Жазған менің жайымды қайдан ұқсын,
Бөрісі боп барамын бозғыл түннің.
Сабылуды көп көрген сәйгүлікпін,
Мүлгіп тұрып кермеде бәйгі күттім.
Әдіптелген жиегі сөз-жібекпен,
Тұмшаландым жабуын қайғы, үміттің.
Аласұрдым, сезімім босты лағып,
Жанарымды шыладым қос тұма ғып.
Жүрегімді аяймын кеудемдегі,
Бір қайғыға бір қайғы қостым алып.
Дәрменсізбін, барлығы күйрегендей,
Қасіреттің ұшады үйрегі өрлей.
Дөйдалаға ағатын беталбатты,
Тасқын судай барамын үйге келмей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу