Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  585


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚОШ БОЛ, ЖАЛҒЫЗ БАУЫРЫМ!

(Сапарғали Салықовқа)
Айналайын, Сапаржаным, Сапарым,
Кім тосыпты саған күннің батырын?!
Сен барыңда елім аман, жұрт тыныш,
Құлын-тайдай сәнді еді ғой қатарым.
Бұл жалғаннан бақи жаққа сен кеттің,
Күтпес жерде көздің жасын селдеттің.
Зираты өсіп, өзі азайып барады-ау
Аты әйгілі біздің ауыл Еңбектің.
Берді кейде залым дүние түлкі өңін,
Жастай кетті Мұса – алдымда үлкенім.
Сен де аттансаң – артымдағы тірегім,
Қайғы шалды жүректегі жыр кенін.
Көнбіс пенде – біз не дерміз тағдырға,
Жүру жоқ қой шымқай сәтті даңғылда.
Жан жадырап, күнім ашық тұрғанда
Қалғандаймын қалың нөсер жаңбырда.
Жаның таза, арың таза асыл жан,
Біздің үйдің еркесі едің жасыңнан.
Сен үбірлі-шүбірлі боп кең өстің,
Бейнетің жоқ елден кетіп шашылған.
Тәубе деймін дін-мұсылман салтында,
Ұл-қыздарың келеді өсіп артыңда.
Шөберелерің жұмаққа сені жеткізер,
Шаңырағың биік тұрар қалпында.
Көп өкініш кең жалғанда жоқ сенде,
Тек тебірендім менен бұрын өткенге.
Үш ұл, төрт қыз, немерелер саны мол,
Шөберелерің дәл алтауға жеткенде.
Шуақ шашып тұрған кезде алтын күз,
Ел-жұрт болып аттандырып жатырмыз.
Алдың жарық, серік болсын иманың,
Сен бақұл бол!
Сапаржан, саған бақұлмыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу