Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  76


Автор: Қасымхан Бегманов

Ғашық боп тұрған өзiңе үзiле жалған...

Ғашық боп тұрған өзiңе үзiле жалған,
Сағынар кейiн сонда мен күзiме барғам.
Аспаннан ағып қос жұлдыз құлаған едi-ау,
Көзiңнiң жасы секiлдi жүзiме тамған.
Көз жасың моншақ секiлдi тiзiле қалған,
Тамшыдай тамған тырсылдап жүзiме талдан.
Дүние-ай,
сол сәт үн-түнсiз дәл мендей болып,
Ғашық боп тұрды өзiңе үзiле жалған.
Бiр-бiрiн қияр қайғылы шешiмге барған,
Осындай мұңлы,
туған жер,
төсiңде бар ма ән?
Жоғалтқан сонау аяулым мәңгiге сенi,
Қос жұлдыз аққан күзгi түн есiмде қалған.
Тырналар кейiн түстiкке тiзiлiп ұшты,
Бала ақын тұрды суретке қызығып күштi.
Дариға-ай,
сол бiр күзгi түн түсiме кiрiп,
Бiр тамшы менiң көзiмнен үзiлiп түстi.
Бiздердi бөле алмайды ара қашықтар,
Сағынышымды қара жел,
ала қашып бар.
Жұлдыздар аққан түндерде қыдырмаңдаршы,
Ырымға жаман екен ол бала ғашықтар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу