Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  166


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Өмірді дұрыс сүрмей келіппін...

Өмірді дұрыс сүрмей келіппін,
Жетекке түзу жүрмей келіппін,
Біріне жолай мінбей көліктің,
Өз желкенімді өзім үрлей беріппін, —
Өкінбен!
Біреуге бола ау құра алмаспын,
Жазықсыз жанды жау қыла алмаспын,
Ешкіммен келмес тағдыр алмасқым,
Өмірдің өзі баулыған жаспын, —
Өкінбен!
Өзімше сүрген олақ өмірім,
Шикі де шала, шолақ өмірім,
Алтын мен күміс, қола, көмірін
Оң-солды шашқан шора көңілім,
Өкінбен!
Бұл өмір деген өнеге ме өзі?
Өртеңнің өнер келе ме кезі?
Құдайдың мұны көре ме көзі?
Өкініш деген немене өзі?
Өкінбен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу