Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  7810


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БІЗ — ТҮРКІЛЕРМІЗ

Біз — түркілерміз...
Біз — түркілерміз!
Көк аспандай жарқылдап, күркірерміз,
Көк аспанның бұлтындай сілкінерміз,
Көкбөріден туғанымыз рас болса,
Көк Тәңірден қуат ап, бір түлерміз.
Кеудемізді билеген асқақ арман,
Тарихымыз дастан боп таста қалған,
Тірсегіміз тілінген кездерде де
Жан жүректі жерім жоқ жасқа малған.
Жұтып қойған ғасырлар өктем үнін,
Айға қарап ұлыған көк бөрімін.
Атқа мінсем кетемін аруақтанып,
Арасында желік бар ет-терінің.
Атқа мінсем кетемін айбаттанып,
Қылыш көрсем кетемін қайраттанып.
Ғасырлардың бетіне қалқып шыққан,
Біздің халық — бұ да бір қаймақ халық!
Намысымдай ешкімге таптатпаған,
Түркістанның күмбезі асқақтаған.
Бабаларым жатыр ғой бата беріп,
Аруақтар аманатын ақтап бағам.
Көк Тәңірден көңілге нұр тілерміз,
Көк аспандай әлі де күркірерміз.
Көкбөрілі көк байрақ көкке шықса,
Қай дұшпанның алдында іркілерміз?
Біз — түркілерміз!
Біз — түркілерміз!!
Біз — түркілерміз!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

10а
10а 03.03.2026 12:11
Оқы оқы және оқыыыыы
10д
10д 02.03.2026 17:11
Окындар е

Пікір жазу