Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  117


Автор: Жангелді Немеребай

ӘЛІ-АҚ ТӨРГЕ ОЗАДЫ

Ата-бабам Азаттық аңсап еді,
Тәуелсіздік жолында жан сап еді.
Сонау ықылым заманнан арман етіп,
Ақындар мен жыраулар ән сап еді.
Жау қолына түссе де достаспаған,
Өз тілісіз өмірмен қоштаспаған.
Ұлылардың ұрпағы емес пе едік,
Ұсақтауды біздерден тоспас далам.
Етек жиып ел болып енді міне,
Қол жеткенде ұлтымның теңдігіне,
Тілден безген мәңгүрттер пайда болды,
Сын әкелер Егемен елдігіме.
Қашан туар тілімнің айы оңынан,
Келеміз ғой атойлап баяғыдан.
Ана тілін менсінбей кейбіреулер,
Ұлтымыздың шалып жүр аяғынан.
Насихаттау өз тілін бізге борыш,
Жатқан кезде жылжымай ілгері оң іс.
«Космополит» қандастар қайғырмай жүр,
Түрі қазақ өйткені тілдері орыс.
Әлі-ақ біздің тіліміз төрге озады,
Қыр қазағы қолдайды өр қазағы.
Ұлтын сүймес «шұбар тіл» бәзбіреулер
Өзді-өзіне түбінде көр қазады.
Ел басқарған қолдап жүр тұлғалар да,
Пікір-өлең әйтпесе тыңдалар ма?
Өзге ұлттың барлығы біздің елде,
Сайрайтұғын қазақша күн бар алда,
Деген үміт сөнбейді бұл балаңда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу