10.06.2022
  91


Автор: Серік Тұрғынбеков

СӘКЕН МЕН ИМАНЖҮСІП

Ауылы Иманжүсіп – «Күйгенжарда»,
Шарапат-шапағаты тиген жанға.
Әуенін әуелетіп ел айтады,
Арналған – «Қалқатайға», «Сүйген жарға».
Халықтың қиссасындай қалыптасқан,
Айтады әнмен жырын жалықпастан.
Ғажайып бір аңыз бар ел ішінде:
«Бір түнде сегіз қызды алып қашқан».
Батырмен Балуан Шолақ бақасқанын,
Қарысып Қажымұқанмен тақасқанын.
Бақыртып бір орыстың шашын жұлып,
Түрмеге түсіп әбден шатасқанын.
Ішінде қашып шығып үш аптаның,
Тасада тұрып алып кісі атқанын.
Тағы да толып жатқан істері бар,
Айтпай-ақ қояйықшы ұсақтарын.
Сармойын тұлпар мініп тулатқанын,
Төбеден жасын ойнап зулатқанын.
Қаратып «Қараөткелді» талап алып,
Ел-жұртын түн ішінде шулатқанын.
Қасына қорқып бармай «сар жағаның»,
Есілді өрлей өтіп, шарлағанын.
Бір түнде қойдай тізіп әкеткенін,
Аршын төс – Қараөткелдің «маржаларын».
Аң қоймай кең даланың қиырынан,
Айрылған жылқысынан, сиырынан.
Түрмеге тоғыз түсіп босатылып,
Бес рет атылуға бұйырылған.
Қорықпаған басын байлап бір өлімге,
Қылы бар қаймықпайтын жүрегінде.
Ояздың басын жарған
Бұрын-соңды
Болмаған мұндай сұмдық қыр елінде.
Баспайды ауылына саяқ қадам,
Барғанды бас-көзіне таяқтаған.
Имекең осы күні үйінде отыр,
Қырандай тұғырында тояттаған.
Түп-түгел ауылының мал мен басы,
Бар ептеп баяғыдан қалған кәсіп.
Дүниені дүрліктірген
Сол Имекең,
Бұл күнде Сейфолланың жан жолдасы.
Бөрідей Иманжүсіп даладағы,
Талайды,
Кейде өзі де таланады.
Болса да қанша қырғын,
Қанша сүргін,
Бөлініп көрген емес аралары.
Табады бірін-бірі сағынысып,
Бұйырған несібені қағып ішіп.
Жүрсе де бірі – Қырда,
Бірі – Сырда,
Бас изеп,
Бір-біріне бағынысып.
Домбыра тартып бірі,
Бірі ән салып.
Бебеулеп биігінде тұрар шабыт.
Сонан соң,
«Бұғылыны» бетке алады,
Түз жортып,
Түлкі қуып,
Қыран салып.
...Сәкен де жүрмек болып сол ізбенен,
Атаға сәлем берер жол іздеген.
Ауылдың баласы ғой
Адал ниет,
Дәстүрден әлі күнге қол үзбеген.
«Күйгенжар» естуші еді талай жер деп,
Ол жаққа қалай барып, қалай келмек.
Әкесі Сейфолла да еске салған:
Жүсіпке жол түсіріп, сәлем бер деп.
Жүсібі – кәдуілгі Иманжүсіп,
Қайтуға сәлем беріп, қолын қысып.
Бір күні іргедегі «Күйгенжарға»,
Сәкеннің келіп қалды жолы түсіп.
– Ассалаумағалейкум, Иман аға,
Өлең-жыр жүрегіне жиған аға.
Сәлемнің сәті түсіп келіп қалдым,
Тағдырдан бұдан артық сый бола ма?!
– Мынау кім?
Тақылдаған қай баласың,
Сөйлеске кім болсаң да сай боларсың.
– Сәкенмін.
Сейфолланың баласымын,
Арнайы іздеп келген сайлы ағасын.
Әп-сәтте ұшып тұрып Иманжүсіп,
Сәкенді құшағына ап,
Сүйді құшып.
Амандық сұрасқан соң,
Айтты әңгіме:
– Қайтасың қонағым боп, дәм-тұз ішіп.
Сәкен де басқа уәж айта алмады,
Көңілін атасының қайтармады.
Үйінде Имекеңнің басын қосты,
Ауылдың өңкей жақсы-жайсаңдары.
Біреуі – күй тартады,
Біреуі – ән сап,
Қалыпты сағынысып жүрек аңсап.
Үйіне Имекеңнің кешке қарай,
Жан-жақтан тыңдаушылар келді самсап.
Имекең шаттанбасын енді қайтіп,
Ән салып,
Арасында әңгіме айтып.
Бар және ел білетін батырлығы,
Көрмеген тау мен тастан беті қайтып.
Имекең аяна ма ойлы жастан,
Осылай аз отырыс тойға ұласқан.
Қызықтап әңгімесін айтып берді,
«Бір түнде сегіз қыздың қойнын ашқан...»
Әуені барған сайын ұнап дәйім,
Қойылар айтушыға сұрақ дайын.
«...Кәпірдің аузы түкті талайларын
Бақыртып бауыздаушы ем лақтайын!»
Дегенде, сөздің бағын жандырғандай,
Айызын тыңдаушының қандырғандай.
Бірінен бірі кейін шалқып жатты,
Па, шіркін, көкелері әннің қандай?!
Жаралған өлең шіркін жан бауырдан,
Қыранның бір кем емес самғауынан.
Екі-үш күн
«Күйгенжарда» жатып қалды,
Кете алмай бала Сәкен әлгі ауылдан.
Байқады Иманжүсіп бала жанын,
Бойында ақыл барын, сана барын.
Сәкен де айналшықтап жүріп алды,
Қасынан бір шыға алмай жан Ағаның.
Қылт етіп көңілінде алғаш үміт,
Күтті ол түні бойы таңды асығып.
Қос атты ерттеулі дайындатып,
Ертесін қайтамыз деп аңға шығып.
Бала да баса алмады қанша аптығып,
Жүректе жасыра алмай жан шаттығын.
Сезімі сергек, дана Иманжүсіп,
Сәкеннің байқап қалды аңсақтығын.
Сәкеннің байқап қалды жан құштарын,
Аралап ен жайлауын,
Бар қыстауын,
Бүғылы-Тағылының бұғып жатқан.
Қайтпаққа дүрліктіріп аң-құстарын.
Ертесін тартып кетті Ерейменге,
Жол салып қалың арғын, керейлерге.
Сәкенге бәрі қызық,
Тізілген тау –
Қызығып,
Қарайғанға, серейгенге.
Таулардан әрі қарай ашыққа алып,
Әуелден қалған кәсіп машықтанып.
Мылтығын ұмсынады Иманжүсіп,
Көзіне қылт еткенді басып қалып.
Құтқармай қасқырын да, түлкісін де,
Дәл бұлай көздей алмас бір кісің де.
Қыраннан қашып шығып,
Қаршығаны –
Бұлаңдап бара жатқан бұлт ішінде.
Құлатты,
Құс мылтықпен бір-ақ атып,
Талайын киіктердің тұралатып.
Аңшыға қанжығасын қандап қайтса,
Болмас-ау бұдан артық, сірә, бақыт.
Куә ғып, ашық күнді, жарық айды,
Кей аңға атқан оғы дарымайды.
Әйтсе де, даладағы қанды қасап,
Сәкенге әрі қызық, әрі қайғы.
– Апыр-ай,
Қандай қатал аңшы жаны, –
Сәкеннің таусылғандай жан шыдамы.
Ақбөкен жаңа ғана атып алған,
Аққан жас – жанарынан тамшылады.
Кеудеде алай-түлей ойы мына,
Көзінің шыдай алмай мойылына.
Атынан қарғып түсіп,
Бала Сәкен
Жармасты ақбөкеннің мойынына.
Жас келіп жанарына,
Жаны жасып,
Қалған кез –
Қара түнге таң ұласып.
– Қайтайық! – деді Сәкен атасына,
Дауысы діріл қағып, қаны қашып.
Көңілі алып ұшқан кішіргендей,
Қай сөзбен дәлелдемек ісін нендей.
Сәкенді бауырына басты Атасы,
Баланың нәзік жанын түсінгендей.
Бұл жайды Атасы да аңдағандай,
Аңшының бүгін бағы жанбағандай.
Естілді шаңқ-шаңқ еткен қыран үні,
Тап келген бір соққыға әлдеқандай.
Тағдыры тап келгендей атқан оққа,
Тигендей қақ жүрекке, нақ қанатқа.
Тіксініп қарап тұрды,
Бала Сәкен –
Түнерген тау ішіне,
Шатқал жаққа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу