Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  185


Автор: Жұматай Жақыпбаев

АБАЙҒА

Жыршының ару ертіп, гүл кешкені –
ләзім,
Істі қойып бір кештегі.
Жанымды нұрға малып, бұ заманнан,
Мен сізге келдім бір сәт тілдескелі.
Бұ кезде кесте-гүлмен шекулі өңір,
Ғажайып ән-әуенмен өтуде өмір.
Сыр жайлы, басқа жайлы өзіңізбен,
Келіп ем сұхбаттасып кетуге бір.
Өттіңіз, жаныңызды дерт кеулеген,
Әр биікті Абайша ерттеуменен.
Ал, мұнда ғалым болып жатырмыз біз,
Сіздің басқан әр ізді зерттеуменен.
Жалындап жыр жазғандар сан аруға –
Бұл жақта әлі бала саналуда.
Қиыннан қиыстыру – қиын емес,
Қиыны – сіздей болып жаралуда.
Көніп кеп ыстықтар мен суықтарға,
Бір дана шапағатты туып таңда,
Сіздің қалың еліңіз – қазағыңыз,
Жұлдыздарға жетуге жуықтауда.
Сіздің туған күндерді тойлаудамыз,
Тойлаудамыз, ән-күйге бойлаудамыз.
«Ондай болмақ қайда» деп ойламай біз,
«Ондай қалай болсам» деп ойлаудамыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу