Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  99


Автор: Жұматай Жақыпбаев

АТ ЖАРАТҚАНДА

Талай ұшып жүрген жер,
Қалай ғана тоқтасын.
Қос танаудан үрген жел
Жапырады шөп басын!
Ойдан өтіп жүзді өрге,
Жайтаңдатып қабағын.
Қос тізгінін сүзгенде,
Қопаңдап-ақ қаламын.
Мінезі де адуын,
Алда не бар білгелі,
Арша қағып жабуын,
Аршындайды ілгері.
Тілеп алдан бір ағын,
Көрген елді жымитып,
Кенежирен құлағын,
Иісшіл итше қыдитып,
Келе жатыр, тасыңды
Батырып су, сазға да,
«Жібермесең басымды,
Билетші, – деп, – аз ғана».
Жүйрік болып туғанмен,
Егескен не жалақтап?!
Талай төбет қуғанмен,
Қалды тілі салақтап.
Ауылдардан мол шулы,
Ағып өтсең көлденең,
«Ат бәйгелі болсын-ды»
Айтады ел хорменен.
Өркеш-өркеш жатқан бел,
Өрін кімнен аяпты,
Омыраудан аққан тер,
Табанына таяпты.
Елпең-елпең желеді,
Елден бөлек жан қинап!
Кенежирен дегенің –
Тұлпарлыққа кандидат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу