Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  86


Автор: Жұматай Жақыпбаев

БОМБЕЙЛІК КОМПОЗИТОР. ҚҰЙЫН

Бақытсыздай көрінетін ол кейде ең,
Маңдайында қызыл бүлдіргендей мең.
Үнді күйші тағдырына өкпелі,
Хат жолдады жолдасына Бомбейден:
«Білдіргем жоқ мұңымды мен, бүлінгім ,
Келмеген соң, көктен де енді түңілдім.
Ай мен Күннің аманында анада,
Айнадайын асфальтке сүріндім.
Соққы алғандай солақай бір жігіттен,
Оңбай түстім, оңбасымды біліп пе ем?!
Қағаздарым ұшты менің жан-жаққа,
Ақ қаздардай ат-арбадан үріккен.
Сол бір сәтте құйын тұрып кетті де,
Ұйтқи соғып, жерден бәрін өтті іле –
Соңғы жазған симфониям беттерін,
Тумай жатып түскен талай тепкіге.
Қапелімде құйын тұрды бір өзге,
Қызықтым мен алақұйын мінезге.
Үндістанның хош иісі аңқыған,
Партитурам көкке шықты лезде.
Иі жұмсақ иесіне тәуелді:
Мүлде өзгерген леймотиві әуелгі.
Құйын көкке көрсеткісі кеп еді,
Мөлдірлігі көкке лайық әуенді.
Ғұмырының бір сәттігін білгендей,
Соқты құйын қалам ба деп үлгермей.
Ол әкеткен қағаз көкте көп тұрды,
Целлофанға оралған ақ гүлдердей.
Құйын күші мәңгі емес қой ол-дағы,
Басылды тез, ә дегенше, болмады.
Ақ қағаздар жерге түсті бозарып,
Көрмеді оны Шива, Кришна ондағы.
Осы ғой деп ойлар түскен қырманым,
Қанымменен таңбалап ем ырғағын.
Жерге түсіп, жатты жерде тапталып,
Меңді қыздай менің сұлу мұңдарым.
Болып шықты аспан мені сүймеген,
Жетер емен жер кіндігі – үйге мен.
Мырза төрт жүз жиырма жігіт сияқты,
Келем қаңғып үйсіз-күйсіз күйде мен.
Көркем үнде көрсеткем жоқ аз үлгі,
Көкке өрлеттім көз жасы мен әзілді.
Мен аспанның селқостығын кешірдім,
Ол кешірсе менің өкпе-назымды». –
Үнді күйші хат жолдады қиырға,
Қиырға өстіп сөз жеткізу қиын ба?!
Содан кейін музыкаға берілді,
Берілгендей сонау ізгі құйынға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу