Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
06.06.2022
230
КӨКСУ
Аспанға бұрқылдатқан ақ көбігін,
Аман ба, асау өзен, ат-көлігің?!
Ашылды, кеп кір, міне, көк тұрғыны
Ақынның қасиетті дәптерінің.
Жолыңды жартас біткен тұрса бөгеп,
Әрине, танытпассың жұмсақ әдеп.
Асауым, автоқалам сиясындай,
Апырай, қалай болдың мұншама көк?!
Жасылым жамбасына тас төсеген,
Жаңбыр жоқ, арының да пәс кешеден.
Құлагер – ат ішінде, ал өзеннің,
Ішінде сен жүйрік деп бәстесер ем.
Жүйріктен жүйрік озар кезегімен,
Мақтауға, даттауға да төзе білем,
Тарпаңым, таудан сені жарыстырып,
Ағынды Ілияс ағам өзенімен.
Дүбірге дарқан дала тосар құлақ,
Емессің екеуің де осал бұлақ.
Ал, жүйткиді, Ақсу, Көксу тауда туған,
Біреуі тақ, біреуі қос арғымақ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter