Өлеңдер ✍️
Сыры да, мұңы да көп тың өлкенің...
Сыры да, мұңы да көп тың өлкенің,
Шаттығы шалқып жатқан жыр-өлкенің
Əрине, толып жатыр жақсылығы,
Əлде де айтсам деп ем бірер кемін.
Ауылға алып-ұшып жиі келем,
Аңқылдақ жерлестерді жиі көрем.
Жарысам қатар өскен құрдастармен,
Танысам тұрмысының күйіменен.
Қашан да тасынбаған, ісінбеген,
Еңбекқор талай жанның ісін көрем.
Амал не?
Жер тағдырын, ел қадірін
Солақай кейбір басшы түсінбеген.
Күз, міне, жаз-көркінен айырылған,
Қалың мал көрінбейді жайылымнан.
Егінмен қатар жатса шабындығым,
Жылқыны жалықпас ем қайырудан.
Көп жердің жоқ секілді мүлде есебі,
Үстімен топырақтың құм көшеді.
Көзіме еріксізден жас келеді,
Бетіме кетсе тиіп бір кесегі.
Жоқ затқа үйренгенмен қырқысуды,
Ар үшін ұмыттық па жұлқысуды?
Туған жер!
Қопарған жан қыртысыңды,
Қастерлеп, сақтаса ғой мүлкі-сынды.
Картоптың жұлып қайтсам арам шөбін,
Өзімді нағыз ерге санаушы едім.
Шіркін, өмір – құлпырып өскен егін,
Арам шөбің əлі де мол-ау сенің...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇