Өлеңдер ✍️
Құбылған сайын заманым ...
(он алты буынды жыр)
Қайнай да қайнай қара су қарайып қара қазаным,
Қазақтың қара өлеңін қамығып неге жазамын?
Көретін күнім осы ма келгенше жетіп ажалым,
Құбылған сайын заманым, таусылып жатыр амалым.
Есіктен шыққан сұмырай қайтадан кіріп тесіктен,
Бүлінген жерден бүлдіргі алып та жүр деп есіткем.
Білімсіз өскен бейшара туған соң күні не шара,
Қолына доллар ұстатса белдері шықпай бесіктен.
Сөйледі байдың баласы, тұрса да келмей кескіні,
Текені жезде деген соң, апа да қылдық ешкіні.
Есі жоқ қой деп естіні айтқанды түгел естідік,
Араша бола алған жоқ оған да, бірақ, ешбірі.
Бір кезде тұрған дəуірлеп жылқыны жүйрік десек те,
Тұлпардың жолы болмады, сығылса-дағы қос өкпе,
Шөп шықпас десе ізіне тұяғын қосып өсекке,
Шаршамайтұғын жауыр деп орденді тақтық есекке.
Тұрған соң желдің өтінде табаннан тағы сыз өтіп,
Іркілдеп жүрген жандарға ілтипат болмас ізетің.
«Қақаған қыстай осы күн келмеске кетсе тез өтіп!» –
Деген бір оймен, əйтеуір, отырмын үйді күзетіп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇