Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  159


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ЗАМАН-АЙ!

Елдің міні ұлғайып,
Сөздің құны азайып,
Тапқан бала қайырылмай шешеге,
Ұры-қары толып кеткен көшеге,
Некесіздер нəсіл болған заман-ай!
Не жер жыртып, қой бақпай,
Не сөз жазып, ой бақпай,
Жең астынан жымқырушы көбейіп,
Пысықтардың жүрер жолы кеңейіп,
Масылдар да асыл болған заман-ай!
Қанағатсыз көп болып,
Ұлағаты жоқ болып,
Арақ жұтқан желігіп,
Ішпей-жемей тоқ болып,
Инабаттан тұлдыр қалған заман-ай!
Шаңырағы атасыз,
Дастарханы батасыз,
Білімдері тұрақсыз,
Ұл-қыздары құлақсыз,
Қоңыраудан шылдыр қалған заман-ай!
Іні именбей ағадан,
Ит көп болып баладан,
Кедей-кепшік тамсанып,
Қалталылар əн салып,
Тексіздер де төре болған заман-ай!
Су тартылып, сəн кетіп,
Тіршіліктен мəн кетіп,
Сепкен дəнің береке боп жиылмай,
Өз тапқаның өзіңе де бұйырмай,
Ішкен асың кере болған заман-ай!
Ауыл азып, жер тозып,
Атажұрттан ел безіп,
Құлагердей тұлпардан
Жұртта қалған ит озып,
Ынтымақтың құты қашқан заман-ай!
Доңыз еті ас болып,
Қырма сақал жас болып,
Бозбала мен бойжеткен
Түні бойы мас болып,
Имандылар бетін басқан заман-ай!
Басшылары біліксіз,
Қосшылары құлықсыз,
Өз бетімен ой ойлап,
Іс жасамас ұлықсыз,
Əкімдерден əділдік қашқан заман-ай!
Аяқ басар жер таппай,
Сөзін тыңдар ер таппай,
Қараңғыда жол таппай,
Хакімдер де қатты сасқан заман-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу