Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  195


Автор: Алтыншапақ ХАУТАЙ

ДОМБЫРА МЕН ҚАЛҚАН

Қиқар жылдардың сындырып қырын
Маңғаздау басып өтетін ғасыр.
Шаңырақ – тағдыр түндігін түріп
Ақ сəуле дəстүр жететін асыл.
Салқар далада сағымға сіңіп
Керуен – тарихтың ұзады көші.
Сахара сан рет таңын атырып,
Көкжиек қанша қызарды деші…
 Бұлдыр елестер бұлғайды қолын
Жоғалғанымен талайғы көктем.
Таса ғұмырдан жылайтын сол үн
Қазақы болмыс қарайтын еппен.
Тарихтың терең тылсымдарына
Жалғап ап жетсем арман қанатын.
Серігі сансыз қыршындарыма
Домбыра менен қалқан болатын.
Домбыра – қалқан.
Қос құндылығым.
Ғасырлар жүгін арқалап жеткен.
Егіз өнерден тапқан тұғырын
Қазақы мінез басқадан өктем.
Дүрбелең дүние.
Қалқанын төсеп,
Жауынан талай арылса қазақ.
Бақыттың шоғын балқыта көсеп,
Азаттық жырын шертетін шанақ.
Қырмызы қайсар аруына түн
Найза кезенсе сорға апаратын.
Дұшпаннан қатал қаруы басым
Қалқан – намысы қорғап қалатын.
 Тарихтың жал-жал толқыны көміп,
Адасып қалды қалқаннан басым.
Қорғансыз күннің салқыны жеңіп,
Тəніме талай салған таңбасын.
Сəуірім сан рет ауысып сызға
Қасиеттер көп тоналып жеткен.
Қалқаным, сонда намысымыз да
Сенімен бірге жоғалып кеткен.
Асау жылдардың аптығын басып
Əуелеп жетті домбыра сазы.
Қос шекпенен тəтті мұңдасып
Күйменен қазақ сырын ашады.
Тілім ұшына сырымды көміп,
Тағдырда талай дірдектеп едім.
Домбыра – жанмен жырымды төгіп
Қалқанымды əлі іздеп келемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу