Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  113


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Бір шымшым топырақ

Шетелден туысшылап аз ба келген?!
Қайтсын-ай, айтады екен мəз боп өлең.
Оларға ана болып, баба болып,
Шертеді шежірені тау мен өзен.
Оларды жылатады, мұңайтады,
Жағаның қылаяғы ырғай-талы.
Тəуіп қып ата-баба зиратына,
Кезекпен жылына кеп бір қайтады.
«Ауған ел, ауған аңның тағдыры бір», –
Дейді қарт, – дей бер оны қаңғырып жүр.
Бір шымшым топырағын бер даламның,
Шалыңда кештік ғана қалды ғұмыр.
Шетелде болғанмен ел ағасы,
Жұлынған шапандаймын жең жағасы.
Жинаған алтындарым, күмістерім,
Бір шымшым топырағыңның садағасы.
Қош енді қара орман, қара мекен,
Сені іздеп келер тағы балам ертең.
Бір шымшым шытқа түйген топырағыңды,
Өлгенде де уыстап ала кетем.
Деп əлгі қарт егіліп атқа қонды,
Қайтқан қазбен бетке алып қасқа жолды.
Басып-басып қояды бір шымшымды,
Тигендей бір киелі отқа қолы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу