Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  196


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Іңірдегі күбір

Күн санап,
Өлеңдерім қанат қағып жетісті...
Келе жатыр қараңғылық тұмшалап,
Ойлар мені мазалап тұр – екіұшты.
Ұясына кірерінде қызарып,
Күн көзіме жетімсіреп қарады-ай.
Көлеңкем де қалып еді ұзарып,
Елес беріп құлап жатқан қарағай.
Шаттық пен мұң шарпысады жанымда,
Көкейімді күйдіріп.
Фәни-Бақи – жалғыз түйір қанымда,
Тулатамын жырларыма сыйдырып.
Күңіренген Қобыз-Қорқыт үніндей,
Санамды өбіп самала жел еседі.
Уақыт-көш зулап барад білінбей,
Еркелік жоқ кешегі.
Ыстығынан шаршағандай тамыздың,
Баба-Дала күрсінді үнсіз ішінен.
...Қаза болған түнгі тылсым аңыздың
Жұлдыз болып жылайтынын түсінем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу