Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  94


Автор: Нұрым Ғұмар

Түн



Көз салшы өтінем...

Жаңа атқан ақ таңға,

Мың алғыс осы үшін жаратқан Жаппарға.

Ескексіз қайыққа ойланбай мінер ем,

Апарса ол егер оралмас шақтарға.



Көз салды маған түн, көз салды маған ай,

Түнде көп баз кешем шаттыққа жарамай.

Жұлдыздай зу ағып кеткім- ақ келеді,

Бұрылып, жалтаңдап жалғанға қарамай.



Көзімді тұмшайды Жайықтың толқыны,

Қиялға әкетер толқынның шылт үні.

Адамның Жайыққа мейірімі аз болса,

Тартылып төмендеп жоғалар ол түбі.



Белгілі бәріне жоғалам түбі мен,

Жалғанның мынау бір қол үзіп жүгінен.

Сұм дауыл дүниеден кеткімде келмейді,

Сұлулық сезілсе ағаштың бүрінен.



Келеді- ау бір ғұмыр, өлімнен кейінде,

Қалғанмен барша адам көмілген күйінде.

Өмірде көп нәрсе көресін, тек осы,

Дақ жұғып қалмасын ақ қардай пейілге.



Көз салып тым ұзақ, қарайды түн маған,

Ал мені бір сәттік сан ойлар шырмаған.

Мендегі мың ойды сезеді түн ғана,

Сезбейді неліктен жаны бар күллі адам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу