Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  167


Автор: Әлия Дәулетбаева

Сенің дертің

(М.Сатыбалдиевке)
Не айтайын, аға, жүректе түйген мол сырым,
Теңіз сезімді тілмен төге алмай жаншыдым.
Кейбір сәттерде ұқтырары көп түсінсек,
Жанардан тамған жалғыз-ақ түйір тамшының.
Асқақтау басып өмірден өттің алшаңдай,
Адамдық атты биік тағанда нық тұрып.
Алдамшы күннің арзан балына тамсанбай,
Дарындылықпен улану неткен мықтылық!
Дертіңді ұқтым, дауасы түсер қымбатқа,
Жырменен жазған дәрменсіз, аға, жауабым.
Ғұмырың сенің келер ұрпаққа жұмбақ па?..
Кім көтереді обалы менен сауабын.
Сан әуен самғап, жазылар бәлкім мың дастан,
Қалмаса болды санада сәуле сарқылып.
Мәңгілік дерттің дәруін іздеп тынбастан,
Қызғышың жүр ғой жаһанды кезіп, шарқ ұрып.
Бұл дерттің емі-ұрпақтың үні жоқтаған,
Серпілді үнім, сары уайымды тастадым.
Өлең боп туып, өлеңсіз таңы атпаған,
Бізге дерт болды-ау,
Ерте үзілген дастаның.
Алдағы күні айналған асыл арманға,
Мен бір қызыңмын, жүргеі жара, сазы мұң.
Онсыз да мына баяны кемдеу жалғанда,
өзіңдік дертке шалдықсам,
Аға,
Разымын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу