Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  116


Автор: Есей Жеңісұлы

«Ұшып келейін, қашанғы жерде жүрем?» деп,

«Ұшып келейін, қашанғы жерде жүрем?» деп,
Ұмтылдым көкке салғым кеп ерен бір өрнек.
Жанығып жүріп, жерден кетіппін жалығып,
Адамзатқа тән амалдың бәрін түгендеп.
Ұшып келейін, самғасыншы бір жүрегім,
Жерге жабысып, қашанғы бұлай жүремін?
Қос аяқ, қос қол, қос көзі – бәрі-бәрі бар,
Тек арқасына қанат бітпеген ұл едім.
Ұшып келейін, жайым жоқ бағым қайда дер,
Самғауға көкке жатқан жоқ жанын сайлап ел.
Қыран-биіктен тауларды құмдай етейін,
Көз шарасындай кішіріп қалсын айнакөл.
Ұшып келейін, көкірегімді бұлт құшып,
Кеудені көкке сүйреген де жөн тырмысып.
Ұшып келейін, тартылыс күшін тәрк етіп,
Жатқандар жата берсінші жерде бүк түсіп.
Ұшып келейін, жаратпас, мейлі, тәмам ел,
Жаратқан, маған қиялдан биік сана бер!
... «Бәрібір менен мәңгілік мекен табасың»
дегенді ұқтырып, қабарып жатты қара жер...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу