Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  135


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Наршөккен таңы

Алакөбең. Дала жатыр мөлдіреп,
Шаттық кернеп, кеудең тартар шеңбірек.
Тұратынмын көрген жандай пейішті,
Қолда жүген, бөз көйлегім желбіреп.
Күншығыс жақ қызарғанда алаулап
Отарым да жайылатын сонарлап.
Атты арқандап, жасыл шалғын ішінде,
Жатушы едім алабұртып ой аулап.
Айнадағы қалған шаңдай сүртілмей,
Бозаң мұнар көлбеп жатыр кілкілдей.
Анау қырдан бөртіп шықты қызыл күн,
Балғын қыздың емшегінің үрпіндей.
Біреуді аңсап көрінбейтін жүзі анық,
Жатқаныңда қиял жібі ұзарып.
Шырт-шырт етіп секіреді шегіртке,
Күн тимеген ішкі саны қызарып...
Жер ананың ылғал тартып жөргегі,
Жанға жайлы жібек самал тербеді.
Таңғы шақта кемпірқосақ тəрізді,
Құбылады бүйілердің өрмегі.
Монтияды əудем жерде бүрлеп қыр,
Көкірегімде тыпырлайды түйдек сыр.
Шақырғандай мені де бір вальске,
Дəл қасымда жасыл дəуіт билеп тұр.
Бес қыр астым, келді міне боқырау,
Ой шіркінде болмайды екен тоқырау.
Талай түнде түсіме ендің жазирам,
Наршөккенім, толықсыған тотым-ау!
Əуезімен қылып қояр мəңгі шат,
Жалғыз мəрте құйқылжыған əн құсап.
Қастеевтің суретіндей көкейде,
Тұрып қалды дəл осы бір таңғы шақ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу