Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  287


Автор: Бақыт Беделханұлы

Көз жасы

«Ана, сен.., жыламағын...»
Бесігімде-ақ шырқадың жұмақ əнін.
Сол əн мəңгі кеудемде ұялайды
Көкірегімнен шыққанша бұла жаным.
Бұла жаным бұлқынған бесігінде-ақ,
Бесігінде бұлқынса, несі жұмбақ?
Мынау аңғал ғаламның мен сол
кезде-ақ,
Алғанмын ақылы мен есін ұрлап.
Жұмақ əнің айтылса ана сенің,
Тау тербеліп, тарқатқан дала шерін.
Сол əніңе айналып кетсін деуші ем
Қаптатса да қайғы, мұң қара селін.
Бұл күнде əн естісем мейірімсіз,
Ессіз ғана жымиям, кейіп үнсіз.
Айналам тарылғандай тарығамын,
Ана сенің аспандай пейіліңсіз.
Аспан маған қарайтын мейірлене,
Жер де жөргек болатын, бейілдене.
Аспан мен жер арасы алай-дүлей
Аласапыран боп кетті кейін неге?
Түсінбедім, ол жағын ұға алмадым.
Адаммын ғой, адаспас тұманда кім?
...Қара дауыл тұрса да қайта жанар
жалпылдап барып сенің шырағданың.
Өйткені, басса дағы қамалап түн,
Қараңғыны қақ тіліп бара жаттым.
Қатыгездеу тірлікте мен осылай
Жазығы жоқ жанды да жаралаттым.
Бəрін қойшы, қайда екен баяғы əнің?
Сол еді – менің жұмақ-саябағым.
Кей кезде шаршап кетем.., аңсап кетем
Əлдилеп əлдекімнің аялауын.
...Бір барғанда қолыңа таяқ апсың,
Таяғыңды баладай аялапсың.
Өзге жұрттың барлығын өбектеумен
Өзіңді өзің анашым, аямапсың.
Ана, сен.., жабықпағын..!
Атады алда талай жарық таңың.
Алғысыңа сыйдырып «адам бол!» деп
Бар еді ғой қасиет дарытқаның.
Балуан жеңгей атанып қайныларға,
Қанжығаңда болмады қайбір олжа?!
Қартайсаң да қайырылмай қайрат
қылдың
Қажымадың уайым мен қайғыдан да.
Сондықтан, туыңды ешкім жыға
алмайды,
Көз жасың мен сейілер тұман-қайғы.
Əлі талай көзіңнен мұнар көшіп,
Əлі талай көңіліңнен күн аунайды.
(Əкем менің ақ тілеу, алғысты адам
Қарапайым шаруа еді шалғы ұстаған).
«Беделханның беделін түсірме!» деп
Маған артып қояды бар күшті анам.
Шандыр емшек – шарбы бұлт торлап
алып,
Кептірдім-ау, басымды сорға малып.
Етегіңде, жүргендей жетегіңде
Құлаймын кей кездері орға барып.
2 тиек
Əрлі жүзің əжімге шырматылып,
Нұрға тұнып, біресе, мұңға тұнып.
Жанарыңнан жап-жарық таңды атырдың,
Қабағыңнан күрсінсең күн батырып.
Шетке кетіп қалғанмен шекер қыздар,
Деуші едік-ау, үй болар жетеуміз бар.
Бір ұлыңның отауы құлағанмен
Алты ұл барда арқаңнан өтер ме ызғар?!
Отан-Ана. Мен үшін Анам-Отан!
Сол Отанды қалайша жаралатам?!
Барлық ана бақытты болса екен деп,
Қара түнді қақ тіліп бара жатам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу