Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  233


Автор: Бақыт Беделханұлы

Аңсау

Топырағыңнан торқа-шапан жамылып,
Жан-бауырым, жатырмысың, жабығып?!.
Сен жанымнан ұзап бара жатқанда,
Жаратқанның жазмышына бағынып,
Қала бердім қайғы отына қарылып.
Қайда барам азапты ойдан арылып?
Кең дүнием кеми берді, тарылып.
Тауқыметін тартып келем тағдырдың
Алқымымнан ажырғыға таңылып.
Үйде жүрсем, үрей билер... үй-түнек.
Түзде жүрсем, жұрттың сөзі күйкі боп,
Жаным жылап, қалжырады қамығып.
Атаң кеткен, əкең кеткен жолменен,
Сен де кеттің, төтелетіп көлденең.
...Шешең кетті шертілмеген сыр болып,
Дүниенің бір рахатын көрмеген.
Жан-жарың да жалаңаяқ жар кешіп,
Жылап жүріп, қырға кетті сорменен.
Соның бəрін арқалаған артыңда
Ай мен Күндей сəулелері сөнбеген,
Нұрың қалды,
Жырың қалды,
Əн қалды
Мəңгі бірге жасайтұғын елменен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу