Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  107


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Сылдыр-сылдыр үн шығып Сұңқарсайдан...

Сылдыр-сылдыр үн шығып Сұңқарсайдан,
Сыңси ұшты сұмдыққа iңкəр сайтан –
Қанатында көз жастың тырсылы бар,
Кеудесiнде көк талдың бүршiгi бар.
Сыңси ұшты сұмдыққа iңкəр сайтан…
Сұңқарсай сылдыр-сылдыр қала бердi.
Сайтанның сиқырлы iзiн дала көрдi.
Күн барып күңiренттi Көкшетауды,
Жел барып ұйытқытты Алакөлдi.
Сұңқарсай сылдыр-сылдыр қала бердi…
Сыңсыған сайтан ба едi, сай ма едi,
Тыншыған томалақ па, той ма едi?
Сылдырлар əншi толқын майда едi,
Жүректен шыққан əуен қайда ендi?
Сыңсыған сайтан ба едi, сай ма едi…
Сұңқарлар мекен еткен осы маңнан
Бiр құралай ұзады, төсi қан-қан…
Кез болып қалды ма екен өшi бар жан,
Бауыр етiн байқатпай кесiп алған.
Бiр құралай ұзады, төсi қан-қан…
Сылдыр-сылдыр үн шығып Сұңқарсайдан,
Сыңси ұшты сұмдыққа iңкəр сайтан…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу