Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  175


Автор: Аманхан Əлімұлы

Түнгі аспан

Мық жұлдыз қара басқанда,
Бермейтін біздер сезіне, –
Адасып жүрген аспанда,
Жабайы мысық көзі ме?
Қара ала бұлт аунайды,
Қауқары қалған бір түнем.
Сап-салқын сəуле аумайды,
Қопалақ інген үрпінен.
Қабағын ауыр таң баққан,
Аңсары ауып түзіне, –
Құс жолы ұлпа шаңдатқан,
Жабайы мысық ізі ме?
Жалғыздық сезем азап-ақ,
Таппастан жаны бір тыным,
Майлақы түнді мазалап,
Қағады жалп-жалп кірпігін.
Жанының таппай тегі емін,
Беріліп жүрген елеске, –
Жабайы мысық дегенім,
Жүрегім менің емес пе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу