Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  133


Автор: Аманхан Əлімұлы

О, мезгіл, мезгіл, білем, бізді бақтың...

О, мезгіл, мезгіл, білем, бізді бақтың,
Күлкісін жұтып қойып қыз бұлақтың.
Қатарым сиреп жатыр, өзім болсам,
Мысалы, желең тартқан күзгі бақпын.
Келетін көңіл күйдей қашты ұғымға,
Беріліп отырамын жасты мұңға.
Көзімнен көре алмайсың күнделікті,
Жалынның лебін, сезім тасқынын да.
Жастығым қызыл түлкі қашты жылмаң,
Тірліктей үсті тегіс, асты бұлғаң.
Айрандай ашып кеткен миым менен,
Апыр-ай, қайда қоям басты зілман.
Өткен күн келді-кетті, елес білем,
Ғұмырым өтіп жатыр жел естімен.
Түсіме жиі енеді бұл күндері,
Ен тоғай, Сырдария, белес кілең.
Келетін қозы-лақтың өргеніне,
Біртіндеп бет түзедік көрге, міне.
О, Алла, тұз-дəмімді тауысқанша,
Көрсетіп, ризамын бергеніңе.
Күндер-ай, күндер өткен бір-бірін жеп,
Жатсыңдар қала, дала, қырға ұрын кеп.
Жүрегім күзді күнгі жапырақтай,
Өтінде қу тірліктің тұр дірілдеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу