Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  232


Автор: Назира Бердалы

Жарық дүние қараңғыға иілмес...

Жарық дүние қараңғыға иілмес,
Өлгендерді біз қалайша естиік?
Шауып бара жатырсың-ау, үйірлес
Жалған дүние – бес киік...
Бес киіктің тек біреуін ұстасам,
Қалған төрті бұйырмастан шашырар.
Әр күн сайын сайтаныммен ұстасам,
Ал қолымда...отыз үштің тасы бар,
Ал басымда – қос мүшелдің жасы бар.
Көздің жасы құрғаған жоқ, жуылды-ақ,
Көріп тұрмын шаң жұқпаған шашасын
Бес парызым, бес киік боп зуылдап,
Көз ілеспес шапшаңдықпен қашасың.
Қиын, сірә, қараңғыға илану,
Біз әзірше ішіндеміз жарықтың.
Ібіліспен ілініскен Иманым,
Мен өзіңмен қауышуға зарықтым!...
«Қап-қара түн. Шегір көзді жындар жүр.
Қап-қара түн. Қайғы мен қан ойнап тұр.
Қайғы менен қара қанға тұншығып,
Түн баласы ауыр ойлар ойлап тұр.
Қап-қара түн. Уақыт ауыр күтеді,
Ой артынан ойлар келіп күтеді.
Түн баласы көр көзінен жас төгіп,
Күншығыстан бір пайғамбар күтеді...»
Мағжан
Көңілімді – мұң,
Сенімімді – түн басып,
Болғам жоқ әлі Күнге шын ғашық.
Жүз қадам артқа шегініп,
Алдыға қарай бір басып,
Болғам жоқ Күнге шын ғашық.
Қарашы Күнге!
Жанарында оның тұр ма шық?
Бұл – жауапсыз махаббат.
Болғам жоқ оған шын ғашық.
Күннен тусам,
Мұнша суық болар ма ем?!
Күнді сүйсем,
Бәйшешектей солар ма ем?...
Күнді сүймей, Кімді сүйгем, Тәңірім?
Жүрегіме қонар ма ем?
Жүрегіме, арқалаған ар жүгін...
Бір өзіңе арнайтұғын жан гүлін
Маған неге бұйыртпадың, Тәңірім,
Күнбағыстың тағдырын?
Сонда мен де сәулеңменен сырласып,
Жермен бірге жылуыңнан ұрласып...
Болар ем Күнге шын ғашық,
Боламын Күнге шын ғашық..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу