Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  120


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Түйсінгенім, түйгенім – бәрі бекер...

Түйсінгенім, түйгенім – бәрі бекер,
Өкпелеткен досым-ау, жаныма кел.
Артта қалған аз күнді ойыма алсам
Өкінішім жанымды қарып өтер.
Жаным сүйген жарығым, кешіре гөр,
Ауыр тисе ағаңның шешімі егер.
Түсінбеймін – ана боп айналмаса
Бізге мекен болады несіне Жер?!
Кешір, кешір. Қайтемін, тәубамдамын,
Тіршілік түйесінен ауған бағым.
Жаратқан, бергеніңе мың шүкір- деп,
Жіберген нәпақасын қаужаңдадым.
«Ұлтым- деп ұрандасам»- деген көңіл
Өзімшіл мақтаншақтың керең желі
Екенін ұққаннан соң сонау көктен
Жердегі ит тірлікке төмендедім.
…Ей, досым, кейде көңіл құлазыған,
Құтылмай ит тірліктің тұзағынан.
Сол кезде туған шумақ жылауықтау,
Неге деп кінә қойма сірә, бұған…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу