Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  132


Автор: Сабырхан Асанов

Тағы да салқын тартып күз келеді...

Тағы да
салқын тартып күз келеді,
көңілді бір бөледі,
жүз бөледі.
Біреулер
келбетінен көрсе қарттық,
біреулер
күлім көзді қыз көреді.
Дегендей
жұртты естен тандырып ал,
тау тұрар
дауыстарға жаңғырып әр.
Ала-бұлт
арлы-берлі көшсе аспанмен,
басында
ақындардың тағдыры бар.
Бар онда
астығың да, жастығың да,
мейірін
шашты дала, шашты құмға.
Ел-жұртқа
ойлайтыны кілең достык,
ісі жоқ
қара ниет қастығында.
Өзі әсте
көрсетпейді ойран қылық,
арманға,
аңсауға алыс бойды алдырып,
көлбеңдеп көк жүзінде тұрғаны сол,
жердегі
жан біткенді ойландырып.
Ой-хой күз,
баурайдағы бауы-сағым,
қырман-қыр
шашып жатыр бауырсағын.
...Бір ойды жөндеп ойлап болмай жатып,
біріңнен
біріңе өстіп ауысамын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу