Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  158


Автор: Сабыр Адай

Ұлы жоқтау

Өз білгенін жастан кəрі жасырмас,
Өзі көрмей жас көңілі басылмас.
Өз еліне бақ іздеген жігіттің,
Тірлігінде сордан көзі ашылмас.
Ақтан күйіп сағы сынып шағылар,
Отқа түсер, шоққа айналар, жағылар.
Ұстаған ту ұстараның жүзіндей,
Сен құласаң жат қолынан табылар.
Талай қарсақ, түлкі шығар жолына,
Жау жасанар солы менен оңына.
Жігіт солай бар қызығын ел үшін,
Өмірімен қоса берер қолыңа.
Лақтырған соң тиер жерін тас табар,
Таба қылар есіл ерді басқалар.
Кетер сосын орны толмас ерлердің,
Сонда біліп ұлы жоқтау басталар.
* * *
Құйын шауып барады, дүрмек қозып дүбірден,
Тілдеспейді біріңмен.
Ашулы дауыл аламан,
Шап айылы үзілген, төс айылы түрілген.
Кекіл мен жалын от тарап, ойрандады, шелденді.
Есі кетіп ел келді.
Ермек қылып ауылды,
Есерге дауыл жел берді, желігіп салды шеңгелді.
Адырна сазы аңырап, егілме күйі езіліп,
Ел отыр бəрін сезініп.
Кесіртке құйрық кез құйын,
Мың асқанға бір тосқан, тынарсыңыз кезігіп.
* * *
Ен Түлей, Есен-қазақ қырда қыдыр,
Жыр-дағы бір.
Отырып сөз тыңдарға уақыт бар ма,
Айтатын бұрынғыны кім қалып жүр?
Үнсіз қыр, бізде енді үндемелік,
Айтармыз кімге келіп?
Бəрі де шулап кетті дұрыс қой деп,
Қайтайық қала жаққа жүр деп едік.
Жел жекіп бар кетіңдер, жөнел деді.
...Не көрмеді?!
Күйігім аз болғандай ішімдегі,
Күн тесіп бара жатыр төбемдегі.
* * *
Жұтынтып жұлдыз шамын аспан жақты,
Жүзінде ай арудың дастан жатты.
Бұл өлке туысқа жат,
Жатқа туыс,
Бастан қатты.
Ен қазақ, Алтай асу, Жайық жаным,
Жаныңдамын.
Бұл өлке туысқа жат,
Жатқа туыс,
Бізді де бар ма екен сағынғаның?!
Түн күліп,
Ай мазақтап қылжақ қылды.
Қаны бар қазақ көрсе кім жақтырды!?..
Мысығы алауыз бен
Керауыздың,
Есігін киіз үйдің тырнап тұрды.
* * *
Қайнаған тірлік, қайыр қош,
Білер ме жанның жайын дос.
Сүрінген сəтте сезілер,
Ер ауған күні айыл бос.
Кіжің-кіжің керілдек,
Кіжініп шығар тебіндеп.
Кешегі жүрген көп жолдас,
Көңілмен сүйіп теңім деп.
Буынсыз жерден кілтілдер,
Суытып түрін тілсіз кер.
Адал ерде аңғал көп,
Достарым бар деп жүрсіздер.
Сүрінген күні ұтылдық,
Сүйенер жан жоқ тұтылдық.
Мың жігіттен бір жігіт,
Қасыңда қалса шүкірлік.
* * *
Қырғидың қату қабағы,
Қалт етсе елге шабады.
Əспеттеп жүрген əтешті,
Кекілден ұстап сабады.
Ата қаз қашып алқынды,
Қырғи салды жарқылды.
Біз сенің сонда көргенбіз,
Кер əтеш көтеу артыңды.
Өзіңді дара сезінбе,
Əдептен аттап безінбе.
Көктен қырғи келмесін,
Көсемсіп тұрған кезіңде.
Алтынмен аптап қарадық,
Күміспен күптеп тарадық.
Қадірін соның білдің бе,
Суыды көңіл, аражік.
* * *
Қардың басын бұрыннан да қар алған,
Ақ пен қара, бақ пен сордан таралған.
Күштілердің ақыл айту міндеті,
Əлсіз байғұс тыңдау үшін жаралған.
Мінбесінен көкек сайрап жұлқынар,
Ала қанат, кекілі де бір тұмар.
Қарқылдасып қарға тыным бермейді,
Қараниет көмейінің құрты бар.
Өзі біліп арыстан жүр, пілменен,
Үрейленіп есігін еш ілмеген.
Азулылар ақылдасып кеңеспек,
Бүгін тағы кімді жейді, кімменен?!
Пілге барсам өз тұмсығын бұлдайды,
Кімге барсам ақиқатты тыңдайды?!
Ей, қара жер, қайда алып барасың,
Ұрыс-керіс, кіл дүрдараз, қырбайды?!
* * *
Сенің жаның, ақ ниетің мөп-мөлдір,
Көздеріңде көктем жүр.
Ақша бұлт боп аспан жақтан қараймын,
Біздің көңіл шеттеп жүр.
Сен іздесең мен тұрармын күн жақта,
Нұрға шомыл, үн қатпа.
Кірпігіңе ақ сəулемді моншақ қыл,
Көңіліңді, көз жасыңды құрғат та.
Сен өзіңді ай тербеген самал де,
Алтын тектес бағам де.
Бұлбұл торда, мың құл жолда, сапарда,
Өмір солай, амал не?!..
Қара тобыр өзгертеді сүр-өңін,
Əлдекімнің олжа қылып шүленін.
Күн де біреу, мен де жалғыз, ал жерде,
Сен де жалғыз жүр ме екенсің, жүрегім!?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу