Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  109


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Соңғы шал, Ертек

Алтайда, анау жон тауда,
жалғыздан жортар қасқыры.
Арғымақ кетпей арқаннан,
жорықпен өткен жас күні.
Оғылан туған Оспанның
сенімді сарбаз жігіті.
Оқ түйреп оң жақ тобығын,
жүрекке шапқан уыты.
Тапалдау бойы демесең,
екі иық есікке ендемес,
Қартайған нағыз ерлерше,
жорғалап өткен пенде емес.
Тереңге тартып жанары,
әжімі сөйлеп тұратын,
бар еді бір шал ауылда,
белдеуден кетпес құр аты.
Соғымның басы тартылған,
қонақасыда кешкілік,
«Мешіннің қысы еді»,- деп,
әңгіме қозғар ескілік.
«Мешіннің қысы еді...» деп,
созатын сөздің бұйдасын.
Содан соң ауыр күрсінер,
еске алған жандай қыймасын.
«Сол жылы қатты жұт болды,
қалғанды ел-жұрт тұралап.
Жағаға жауы жармасып,
қораға бөрі сығалап.
Үдіре, үрке көшті ауыл,
алды артын бірдей тұман ап.
Отыздай жігіт сайландық,
мылтығы осал, ат мықты.
Білек пен жүрек сенімді
ада етіп аман ап шықты.
Бекініп тас пен төбеге,
тұрғыда тұрған шақ еді.
Жар астынан жау шығып,
бір шымшып өтті зәрені.
Дауылпаз ұлдың екпіні
еңсені бірден көтерді.
Жауына ажал түкіріп,
шиті мылтықтар жөтелді.
«Жәнібек!»...
ұран әл беріп,
қанды кектен қан кеуіп,
қара қытайды қырдық-ай,
жан алысып, жан беріп.
Зымырап ұшқан қорғасын,
екпеттеп жатқан жігіттің
қасқа тісін қағып ап,
қолтықтан шықты қан болып.
Он сегіздегі жігіттің,
сіріленіп жаны үлгірді.
Күйдірген құрым киізбен,
он шақты күн мен түн жүрді.
Ажалдан аман қалды ерім,
қорғасын оқтан өлмеді.
Кеудесін буып қанды кек,
жарасын жалап емдеді...
Қайран да, қайран ерлер-ай,
шабынып өткен арыстан.
Бір өлім ғана бұйырған,
өлсе өлген жалғыз намыстан.
Қа-и-и-ран...».
Ертек деп ұқты былайғы ел,
есіней сүртіп терлерін.
Сипалап қойып сыздаған,
тікенек кірген жерлерін.
Сендіре алмай шал кетті,
бүгінгі күннің ерлерін.
Сол шал да кетті өмірден,
күп-күрең ғұмыр өткеріп.
«Мешіннің қысы еді»,- деп
басталар ертек кетті еріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу