Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  164


Автор: Фариза Оңғарсынова

Аққу-тағдыр

Қара бұлтқа кенеттен соғылды Күн:
құлады аққу. Қиды екен жолыңды кім?
Аққу-ана отырды ұясында
бауырымен тербетіп көгілдірін.
Киелі деп аққуды жұрт ұғады,
Арқалаған қандай жан бұл күнəны?
Аққу-ата қансырап жатты жерде,
жанұшырып сыңары шырқырады.
Көз ашқанша Ай, Күні батқаны ма?
Сол-ақ екен – құзғындар қаптады да,
бірін-бірі итере үймелесіп,
бас қойысты аққудың пəк қанына.
Шыр айналды сыңары жаны шығып,
қарағайлар сыңсыды, қамыс ұлып.
Сабалайды қанатын қақырата,
суға кеткен адамдай салы сынып.
Соқты лезде ақтымық таңнан ызғар,
қара жерде аққу аз, қарғаңыз бар.
Көгілдірін көзінше көзден шұқып,
енді өзіне тап берді қанды ауыздар.
Жағалауда жалпылдап жүн балағы,
жапырлады жез тырнақ жүз қаралы.
Қарауытқан көл бетін мамық жауып,
жаутаңдаған жалғызды жұлмалады.
Бұл не жаза? Көркінің «қалжасы» ма?
Тік келмеген тірі бір жанға, сірə.
Ғұмырында, жəбірлеу түгілі, аққу
көз салмаған қырғи не қарғасына.
Жауыздыққа тістеніп Күн жыласын –
құтқаратын амал жоқ, қынжыл, ашын.
Жаны бардың бəрінде бір-ақ ауру –
құртуға əзір əйтеуір сұңғыласын.
Есексің бе не тышқан, бақасың ба –
болмас онда жауың да, бақасың да.
Қасиетті тірлікте қарға құзғын
қандары қас киелі заты асылға.
Жалқы болсаң, əлсізсің, жоқ қорғаның,
құрады өмір алдыңнан от торларын.
Асыл туған аққудай тағдырыңнан
артық екен қарғадай көп болғаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу