Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  548


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қазақ даласы

Қазақстан даласы,
талай дастан арналып саған əлі ,
талай жұлдыз-жанарлар қадалады.
Сенің құтты кеудеңнен кеңістікке
нан иісі таралады.
Құлан үйір салатын əр алаңы –
нан алабы бұл күнде, əн алабы.
Жусан иісін еңбектің тері шайып,
қаны, жаны даланың жаңарады,
жердің көне келбетін өрнектейді
темір тұлпарларымның тағалары.
Қорамсақтай жеріме
қол салып тыңгерлерім,
тамырымен өзгерген түрге енді елім:
аспандағы жұлдыздар жерге түсіп,
нұр шашты іргемде Күн;
жаз жайлауым айналып нан-теңізге,
дəн тауымен қабысты қыр, белдерім.
Нанды алаңда еңбектің гимнімен
əнмен сіңген қаныма мұңды емдедім.
Доспын деген жандарға жанды тосып,
аялаймын даламның Күн мен желін,
күншуақты көңілімнен жыр демдедім,
Қазақстан даласы
нұр таңдарын
шапағаттай шашады,
жұрт арманын
ұстағандай талтүсте.
Шырқалды əнім.
Байқоңырдан зулаған корабльге
ілесе алмай қалады сұңқарларың!
Далаға кеп Абайлар, Махамбеттер,
бүгін кездестіргендей іңкəрларын.
Сұлу Баян, Қыз Жібек
Кəмшат болып
жүгендейді бұл күнде тың тарланын.
Қынапқа сап қылышын Қарасайлар,
жібергендей түздерге тұлпарларын.
Отырғандай қазақтың бар жайсаңы
мақтан етіп артында ұл қалғанын,
ел қалғанын, əн менен жыр қалғанын!
Қазақстан даласы,
тақырлары –
бақ-дəулетке оранып жатыр бəрі,
түлегенін даланың көрсем бір деп,
ертегінің ғарышы жақындады.
Тұлпар мінген даланың ұландары
жеткізбейтін жылдарды тақымдады.
Тасқын атқан теңіздей топан жырмен
гүлдестеге бөленді ақындары.
Адам болса көңілі ақ, батыл жаны,
жатсынбады жақын ғып жатын-дағы,
оның бəрі – бұл күнде тың даланың
тағдырласы, жұлдызды Батырлары!
Қазақстан даласы,
Мен де сенің, ойласаң, бір түлегің,
қыңыр біткен еменнің бүртігі едім,
сенің мынау сəулетті шақтарыңда
жұпынылау жүруім – күлкі менің.
Жолбарысты пір еткен тұқымнан ем, –
неге,ендеше, мен бүгін іркілемін?!
Найзағайлар тілгілеп түн түренін,
дүркіре, бұлт!
Жау, жаңбыр!
Күркіре, Күн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу