Өлеңдер ✍️
БОРАНДЫ ТҮНДЕ
Ығысқанда көп жаудан сәні кетіп,
Көңілдерін шырағдан жарық етіп, –
Исатайлар далаға қонған бірде,
Ақ Жайықты боранда жарып өтіп.
Жалын көрген,
Исатай жасын көрген,
Қырық батыр сарбазы қасына ерген!
– Түні бойы дірдектеп шықтық, – деді, –
Мына суық боранда шашын өрген.
Құм бораған Нарынның даласында,
Ерлер еді сыналған дара сында.
Қыстың көзі қырауда
сарбаздардың
Мәсі киген бар еді арасында.
Бұны көрсе не дейді бала-шаға,
Жолыққандай күлмей ме тамашаға.
Сауыт киген сарбаздың
аяғына
Мәсі киіп жүргені жараса ма?
Ығыспайтын ер еді қай күштен де,
Қайысты ма, кім білсін, қайғы үстемде.
– Тоңбас едік суықта, – деді бірі, –
Ақ құманға қайнатып шай ішкенде.
Тал бойында тулаған асыл қаны,
Сардар ердің бұл қалай жасығаны?
Ат мінсе де алшайтып,
жай біреу ме,
Алшысынан түспеген асығы әлі.
Сардаланың жалаңаш қырқасында,
Сыр берсе егер бір түнгі бұрқасында,
Қырық батыр сарбаздан
ертеңдері
Исатайдың қалады кім қасында?
Қорғаймыз деп даланы жатқа толған,
Боламыз деп ел-жұртқа, баққа қорған.
Исатайдың дауысы саңқ еткенде,
Дүр сілкініп сарбаздар атқа қонған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇