Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  180


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҰШЫП КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН ӨСКЕМЕНГЕ


Ақын Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТКЕ
Дүниенің сыз кетпей қабағынан,
Ғұмыр қанша үзілген сабағынан.
Қарындасыңды ағызып кете барған
Қара Ертістің жас көрдім жанарынан.
Айдынында жүзетін кеме күнде,
Бір қасиет болмасын неге еліңде.
Қарындасың болар ма,
Қара Ертістің
Ағындаған ақ сәуле тереңінде.
Кеудесінде тұншығып асыл арман,
Талай ердің бұл жерде басы қалған.
Ажал жұлып кеткенде бауырыңды,
Өр Алтайдың Ертіске жасы тамған.
Қысастықтың әр жерде түбірі өніп,
Дүр дүние әлі де тұр түнеріп.
Нұрлан ақын қапыда көз жұмғанда,
Асқар Алтай жылаған күңіреніп.
Тазы озатын заманда құмай қалып,
Тәңір таудың басы да тұр айналып.
Ағып жатқан секілді көрінеді,
Туған елдің тұнығы лайланып.
...Бағың жанып, көзіңнен нұр атқалы,
Ей, Ұлықбек, жүрегің қуатты әлі.
 Адамды ажал жүре ме төңіректеп,
Көңілінің көк туын құлатқалы.
Ұшып келе жатырмын Өскеменге,
Асқар Алтай тауларын жұбатқалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу