Өлеңдер ✍️
ҚАРАДАЛА
(«Қара сөзi» туралы жыр)
Асқар Сүлейменовке
Бала кезден кезiп, шарлап ой, көгiн,
арманымның жуған талай көйлегiн,
Бұғытыдан басталатын әрi ассаң,
бұл даланы
«Қарадала» дейдi елiм.
Кең төсiнен кеудем талай саз ұқты,
тапты жүрек өлең атты азықты;
Кетпен, Жоңғар қос қанаты тәрiздi
алып құстың алып ұшқан жазықты.
Айхай, Дала! Асау көңiл, ән-дала!
Көкжиегi көсiлетiн паңдана,
көз жетпейтiн, құс қанаты талатын
кең өлкеге қарайды көк таңдана.
Зеңгiр таулар…
Көкпеңбек қыр…
Күн…
Аспан…
Бел-белестер құлпырып тұр гүл ашқан.
(Бұл даланы қалай «қара» деген ел,
анталап кеп Аспантауға ұласқан?!)
Жарықтықта қаралықтан жоқ белгi,
сұлулығы көздегi өртер от-көлдi;
Iле, Шарын…
Қырғызсайдан ескен жел
Сартоғайды, қытықтардай көктемдi.
Қарадала – өлең менен ән басы,
Көкбастау мен Кеңес, Сүмбе, Жамбасы,
Ақсу, Ақши, Шонжы, Сұңқар, Шошанай,
Тастықара – дәуiрлердiң жалғасы.
Қарадала – Шүңгiт, Көксай – жыр басы,
Қарасаз бен Айғайтастың сырласы,
Ашаноқы, Қалжат, Құлжа жалғасар,
Қулық пенен Торайғырдың құрдасы.
Қарадала – күй қанатты талмайтын,
Жiбек жолы ғасырлармен самғайтын;
Сақ, Хундар мен Үйсiндердiң көзi бұл
Шығыс пенен Батысты үнсiз жалғайтын.
Қарадала – Тоғызбұлақ, Өр, Кетпен,
Ғасырлардың бел құрдасы ер жеткен,
қара халық қара қайғы кешкенде,
қам көңiлiн қара өлеңмен тербеткен.
Қаралықтан ада-күде салты бар,
қонағына құшақ жаяр халқы бар;
Қарадала – қара қазақ атауы
қара сөздiң тiзiмiнде малтығар…
Қарадала – бүгiнiм мен кешегiм,
қайыры мол менiң өлең төсегiм;
Қарадала…
Қара теңiз…
Қарақұм…
Қарауыл боп көкiрегiмнен көшедi үн.
Қарақорым…
Қарабұғаз…
Қараспан…
Қараөткелде қара сөзге таласқан;
қара халық – қалың қазақ жұртына
«қара» атауы Қаратаудай жарасқан.
«Қара» деген қалыңдықтың белгiсi,
қара құрым жер қайысар ел күшi;
«Қара» деген «Ұлы» атауы көненiң,
сөз төркiнiн бiлмейтұғын кем кiсi…
(Кiмнiң оған келмес, айтшы, сенгiсi?!)
Сенбегендер, сөйлей берсiн, сезiнбей,
Қарадала – хатқа түскен сөзiм ғой.
Қағанаттар дәуiрiнен сақталған
Тарихым ғой…
Тағдырым ғой…
Көзiм ғой…
Қарадала – кеудемдегi жез үн ғой,
Қарадала – менiң бала кезiм ғой;
ғасырларға, ұрпақтарға жалғасар
Қарадала – қара өлең ғой…
Сөзiм ғой…
Қарадала – Өзiм ғой!..
сәуiр, 1992 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter