Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  82


Автор: Нұрлан Оразалин

Қағаздан қорқам....

Қағаздан қорқам,
қаламнан қорқам – өзiмнен,
ұйқылы түннен ар менен арман көз iлген.
Өзекте – жалын.
Қабаржып қатты өксимiн,
жүрек жаралы,
көңiл – ботасыз бозiнген,
қорқамын сенсiз
қорғансыз қалған кезiмнен…
Қағаздан қорқам,
ойлардан қорқам – арыдым,
қағаз бен ойда – қажытар жанды ғарiп үн.
Бауыр жоғалту – ауыл жоғалту екен ғой,
дүниенiң күллi
ұстаған үмiт, жарығын,
тарқамас шер мен шеменi,
бауыр жоғалту –
қасiрет екен, жарығым…
Көлiм суалып,
елсiзде қалған жандаймын,
шөбiм қуарып,
шешiлмес түйiн – ән-қайғым.
Бауыр жоғалту – дауыл жоғалту екен ғой,
қарағай тәрiздi ем,
өзен сабаған талдаймын,
 
қарсы бұтақсыз,
жапанда қалған жандаймын…
Iшiмде – өртiм,
өзiмдi өзiм алдаймын,
түсiмде – дертiм,
өзiмдi өзiм арбаймын.
Бауыр жоғалту – дәуiр жоғалту екен ғой,
Дәуiрдiң жiбiн
үзiлген қайтiп жалғаймын?
үзiлер емес ән-қайғым…
үзiлiп кетер жандаймын…
қаңтар, 1991 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу