Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  115


Автор: Нұрлан Оразалин

Көзiмде – жас

Көзiмде – жас. Көңiлiмде қырау бар.
Пенде емеспiн ермек үшiн жыр аулар.
Мен секiлдi ақын бiткен шер кешiп,
жыр толғаған шығар, бәлкiм, жыраулар?!
Қамыққанда тербеп ойдың бесiгiн,
көңiлiмен шайқап арман, кесiп үн;
мен секiлдi талай ғарiп жаншылып,
ашқан шығар қасiреттiң есiгiн?!
Қайғы буып, тарылтқанда тынысын,
күңiрентiп кеудесiмен түн iшiн;
айға қарап ағыл-тегiл сан аға,
мен секiлдi күткен шығар iнiсiн?!
Басын шайқап, бiр сәт ойы көнбестен,
кеудедегi үмiт оты сөнбестен;
мен секiлдi күткен шығар сан бауыр,
қу «ажалдың құрығына» сенбестен?!
Жүрегiмен зар жылаған, қанаған,
iнiсiнiң кетпей үнi санадан;
мен секiлдi батқан шығар шер-мұңға,
солқылдап кеп, сормаңдайлы сан адам?!
Өзегiнде шыжғырылып от-көмбе,
ет-бауырын езiп-жаншып өткенде;
 қарап үнсiз қырқасына «Кеңсайдың»,
мен секiлдi сынған шығар көп пенде?!
Көп пендеңнiң бiрi болдым… Не дейiн?
Әттең!
Әттең!
Кеттi өзiңмен көп ойың…
Арашаға тұра алмадым ажалға.
Кешiр, қарғам!
Отқа оранды көмейiм…
Өрттi, дерттi өлеңiме төгейiн…
қаңтар, 1991 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу