Өлеңдер ✍️
ҮШ ҚҰДЫРЕТ
Вагиф Ибраһимге
Дирижердің таяқшасы дәл басып,
Түртіп қалып оятқанда саз-үнді;
Зал үстінде әсем әуен жалғасып,
Қанаты оның жазылды...
Суретшінің қыл қаламы кенепке
айшық салса басын бастап ұлы істің:
Көз алдыңда кенеттен
жарқ еткендей нұр-ұшқын...
Ақ қағаздың бетінде жыр жарқырап,
Шабыт буса ақын да бір керемет:
Асау өзен арна бұзып сарқырап,
Ағыл-тегіл ағындайды, не керек...
Сөз, Бояулар, Дыбыстар, –
Үш құдырет, үш дүние ғажайып!
Соның бәрі ұшты-күйлі жылыстар, –
Талант жоқта, – құндылық та азайып?!
Құнттап оны тезге салар басқа кім,
Сезінбесе сарапшы өзі борышты.
Бағаласа әрбір сәтті қас-қағым,
Әр сәті оның – тоқсан тарау жол үсті?!
329
Сөз, Бояулар, Дыбыстар –
Үш құдырет, үш патшалық сәулетті,
Және де әлгі үш әмірші ұлысты әр,
Билеп-төстеп жатады ен дәулетті.
Бұл дәулетті шашпайды олар бетімен,
Соқпақ салу – бар шаруасы мұндағы;
Себебі олар патшалықтың шетінен
құлақ кесті құлдары!
Арба сүйреу – деп біледі тақытты,
Мүсіркеусіз өздері оған бақытты.
Олар үшін салтқа айналған тегінде,
Мызғымас тек бір-ақ нәрсе бұ жақта:
Еңіске түс, әр биікке шық өрлеп,
Жетем десең мұзартқа...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter