Өлеңдер ✍️
ДОСТЫҚ СЫРЫ
(Украин ақыны Иван Франкодан)
Түсiнгенге көп өмiрдiң сабағы,
Ол сынаса не қиынға салады.
Содан өткен сұңғыла қарт қаншама,
Қажымаған қос қанаты талса да.
«Қарт қойнында – қалаш бар» ғой қашанда,
Ақылын ал асулардан асарда.
Жас ұрпаққа арналған ақ тiлеуi,
Мiне, сондай әңгiменiң бiреуi:
Таянғанын күндерiнiң ақырғы
Сезген әке жалғыз ұлын шақырды;
Қауқарсыз қарт дедi тiгiп жанарын:
– Дәм-тұзым да таусылғандай, қарағым;
Бiраз ғұмыр бердi маған тәңiрiм,
Жақсылықпен көрдiм дүние жарығын.
Бар дәулеттi мирас етем саған мен,
Масаттанбай, саралай бiл санаңмен.
Өмiр мәнiн iздеме оңай олжадан,
Барып тұрған бейшаралық ол жаман.
Одан қымбат қазының бар, жарқыным,
Жан сарайың – баға жетпес алтының.
Ақылың бар, бар қабiлет, дарының,
Лапылдаған бойда жастық жалының.
Бұл өмiрдiң жолы тоқсан тараулы,
Бар тiлегiм: досың болсын қалаулы!
– Мың рахмет, әке, бiрақ табысқан,
Достарымды санап қазiр тауыспан!
– Бос мылжыңдар дастарқанның басында,
Қайдан бiлдiң дос екенiн расында?
Нағыз дос деп жетпiс жаста байқаған,
Тек бiреуiн елеп-екшеп айта алам!
– Оныңыз не! Олар деген мен үшiн
Жанын қияр жiгiттер ғой серi шын!
Езу тартып дедi әкесi: – Бiрақ та,
Жаман болмас көрсең соны сынақта.
Торпақ сойып, қапқа салып етiнен,
Түнде аралап шық досыңды шетiнен.
«Масқара боп өлтiрдiм бiр адамды,
Жасыр менi! Жаса,– де,– бiр амалды!»
Достарыңды сынап болған жерiңде,
Барып шықшы сол досыма менiң де.
Әке сөзiн сақтап ұлы есiнде,
Қабын алып шықты дәл сол кешiнде.
Жақсы деген досқа бiрден аттанды,
Келе үн қатты: «Тезiрек аш қақпаңды!»
Дедi досы: «Бейсауат не жүрiсiң?»
– Құтқар менi! Кiсi өлтiрдiм, құрысын!
Анау болса ашпақ түгiл есiгiн,
«Аулақ,– дедi,– тиiп жүрер кесiрiң!
Бiр сен үшiн бар бәленi тiзбелеп,
Кiнә тағып, тергемей ме бiзге кеп?
Лап қоймай ма жатыр ғой деп досында,
Қабыңмен кет, не қып тұрсың осында?!»
Досын шарлап сандалды ол түнiмен,
Қайыр болмай шықты бiрақ бiрiнен.
Бiреулерi дедi: «Жүрме маңыма!
Әйтпесе өзiм әкiмге айтам тағы да…
Сенiмен дос болды екен деп мақтай ма,
Қылмысты деп маған да айып тақпай ма?!»
Қуғын көрiп, пана таппай жөндi бiр,
Әкесiнiң танысына келдi бұл.
«Қан ұрттадым қапылыста – сорыма,
Бiр жаманат түстi менiң соңыма,
Әбден састым – қуғыншылар көрiптi,
Қайтем өзiм, қайда тығам өлiктi?!»
Қарт та дереу ашты ысырма-құлыпты,
Қабыменен iшке енгiздi жiгiттi.
«Бой тасала осында, ұлым, күйiнбе,
Өлiктi тық қуысқа орап киiмге» –
Дедi ақсақал арқасынан капты алып,
Бас ұрды ұлан қартқа сырын ақтарып:
– Мың рахмет, сынай келдiм сiзге мен,
Қуғыншы да жоқ соңымда iздеген.
Әкесiнiң айтты өсиет ойларын,
Бүгiн түнде не iстеп, ненi қойғанын.
Ұғынғанын шарлап жүрiп түнiмен,
Босы қайсы, досы қайсы шынымен.
Сыйын берiп, Сынын артып күнде өстiп,
Өмiр бойы шыңдалады бұл достық.
Ей, бауырым, тағдыр жолы қандай бұл?
Шық сапарға, шын досыңды таңдай бiл!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter