Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.03.2022
162
АҚША БҰЛТ
Көктем еді...
Жүзінен нұр білініп,
Дүние түгел жаңғырған қыр жылынып.
Алатаудың көз жетпес бір құзында
Бір ақша бұлт желбіреп тұрды ілініп.
Көңіл ме екен кім білсін елжіреген,
Жанар ма әлде телміріп мөлдіреген.
Жел ұшырған анамның шәлісі ме,
Құз басына ілініп желбіреген.
Кең далаға көз сүзіп қарай қалған,
Құзырының алдына талай барған.
Ақ көгершін біреудің құсы ма әлде
Шыр-шыр етіп құз басын сан айналған.
Көк жүзінде жүрген бір салып сайран,
Сұлулықтың сырына қанып, тойған,-
Ақша бұлты әркімнің бар емес пе
Көз ұшында қалықтап қалып қойған...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter