11.03.2022
  1347


Автор: Балаларға арналған ертегісі

Ақымақ есек

Баяғы заманда боз түйе, сұр ат, ала сиыр, қоңыр қой, сары ешкі, қара есек болыпты. Долы қара есек дөрекі дауысымен жануарларға орынсыз ақыра береді екен.
Түйенің істеген жұмысын «мен істедім» деп мақтанатын көрінеді. Өтірік айтып атқа, сиырды тептіретін болыпты. Өсек айтып қой мен ешкіні сүзістіріп қойыпты.
Есерсоқ есектің ерсі мінезін күзетші ит байқап қалады. Көрген, білгенін ақыл иесі – адамға жеткізеді. Адам жануарларды сынау үшін барлығын алдына шақырады.
Адамға жақсы көрінгісі келген есек қара терісін аққа боятады.
Ал қалған жануарлар бойларындағы жақсы қасиеттерімен көзге түсуге тырысады.
Түйе төзімділігімен, күштілігімен көзге түседі.
Ат адалдығымен әрі жүйріктігімен еленеді.
Сиыр сүттілігімен, құрт майымен қызықтырады.
Қой өсімталдығымен, сезімділігімен сүйсіндіреді.
Ешкі сары алтындай жібек жүнімен таңырқатады.
Есек болса боялған түрімен күлкілі көрініп, ақымақтығын көрсетіп қояды.
Жануарлардың қасиеттерін білген адам сол күннен бастап төрт - түлік малға қора салып, күтім жасайды. Жануарлар тату - тәтті тұрып, оған қызмет етеді. Ал ақымақ есекті көлік ретінде пайдаланып қара жұмысқа салады.
Ақымақ есек әлі күнге шейін ақырғанда өзін мықты сезініп қалады екен. Бірақ оған ешкім мән бермейтін болыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу