Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  162


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨКЖАЛ ЕГЕР БОЛМАСАМ...

Көңілінің өзені аққан тұнып,
Атам мені жүретін мақтан қылып.
Бес жасымда төбеге ертіп шыққан
Көкжал бөрі астында жатқан ұлып.
Мінгестірмей атына жағалының:
– Құлы болма, – деді атам, – нала-мұңның.
Төбе үстінде тұрғанда:
– Көк бөрі де,
Жатсын, – деді, – астында табаныңның.
Қазығында кісінеп ат-көлігі,
Содан бері атамның шат көңілі.
– Табаныңның астында жатсын, – деді, –
Берілмейтін көкжал да жатқа өмірі.
Ашық ұстап жанының терезесін,
Өрге жайған бұл атам керегесін.
Көк бөріні үлгі етсе,
Қайсарлыққа
Баулығаны емес пе немересін.
Майданға ерлер аттанып елде жүрген,
Шырақ аз ба мезгілдің желі өшірген.
Қасиетін сіңіріп көк бөрінің,
Қайран атам бөрі етіп мені өсірген.
 Қызық қуып жүргесін көңілді елде,
Бөріліктің білемін жөнін мен де.
Қашатыны иттердің тегін емес
Төбем менің алыстан көрінгенде.
Қасиетін бөрінің ел біледі,
Рухым қалай тағдырдан жеңіледі.
Көкжал егер болмасам,
Өңкей иттер
Ұясына тығылып неге үреді?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу