Өлеңдер ✍️
Толғанай
Келе жаттым жол жүріп,
Жолсоқты боп болдырып.
Қасыма кеп отырдың,
Кеудеме күн қондырып.
Лағындай еліктің
Қимылыңа еліттім.
Жайма-шуақ күлкіңмен
Жан-жүйемді еріттің.
Айналайын мүсіндім,
Бір әлекке түсірдің.
Сұрап алып атыңды,
Артынша өзім қысылдым.
Мұныңыз не демедің,
Қуанышқа кенедің:
«Толғанай» деп қол беріп,
Зор бақытқа бөледің.
Толықсыған Толғанай,
Жүзің бейне толған Ай.
Жүректерді жандырып,
Қоярмысың толғамай?
Әңгіме айтып, ән салып,
Жол қысқарттың қаншалық.
Сенің сыңғыр үніңді
Тыңдай бердім тамсанып.
Жауқазындай жас өрім
Жұпарыңа мас едім.
Алып келді ауылға
Сенің сиқыр әсерің.
Бет бұруға бекіндің,
Автобустан секірдің.
Қызық жолдың тез бітіп,
Қалғанына өкіндім.
Айналайын ай мүсін,
Шынында сен Аймысың?
Арттыруға туыппа ең
Мендей жанның қайғысын?
Айналайын арайлым,
Тарқатамын қалай мұң?
Көкке қарап күрсінем,
Он бесінде әр Айдың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter