Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  115


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

КӨКЖАЛ

Қоршап алып Сарықамыс пен Көкталды,
Бердеңкеден жаудыртты кеп оқтарды.
Атты-жаяу ауыл болып жабылып,
Атып алды арыстандай көкжалды.
Осындайда келеді екен тегі еске
Қай-қайдағы.
(Түскенім жоқ егеске).
Дедім сонда: – Неге аттыңдар, жарандар,
«Бөрі азығы жолда» деген емес пе?
Есеймедік Өмір жайлы ес кірмей,
Өскеміз жоқ аталы сөз естімей.
Не болса да сендер туған осынау,
Шұбартауға бауыр басып өсті ғой.
– Қисық істі айналдырып дұрысқа,
Не деп тұрсың? Бара алмаймыз ұрысқа.
Қамқорлықтың қажеті не қасқырға,
Қарағым-ау, ақыл-есің дұрыс па?!
Бұзау бос жүр, қарсыдағы Көкбетте,
Бота бос жүр Қаңбақты мен Көкбекте.
Бүгін болмаса да əйтеу бір күні,
Біз қайтеміз, ол пəтшағар жеп кетсе?
 – Күшіктесе. Басқа жақтан жем алар,
Сосын келіп, осы өңірге демалар, –
Дегенімде:
– Қанша туып-өссе де
Осы дұрыс.
Оған кімдер сене алар? –
Деді. Жеңілдеткендей-ақ ел жүгін.
(Елдің сақтай білу керек елдігін).
О, халайық!
Сылтау таппай сыныққа,
Тарылтпайық туған Жердің кеңдігін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу