Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  88


КЕНЖЕТ МҰҚАҒАЛИ

* * *

Ел мұңын өткен бастан биік көріп,
Біз ежелден әлді едік, иықты едік.
Ұлтараққа жарымай кеткен бабам,
Маған байлық қалдырған үйіп-төгіп.
Төрге асығып төресі ел үшінде,
Қол жасырып қалмаған жең ішінде.
Менің бабам ең алғаш қолын қойған,
Еркіндікпен жасалған келісімге.
Кейде өрлікпен,
Кейде елді сүйгендіктен,
Ертеректен мұңға да ми көндіккен.
Еркіндігі езгінің басын кесіп,
Азап-мұңы азаттық күймен біткен.
Тәңірдің тартуына себепкер боп,
Ертеңіне еш мұңды елеткен жоқ.
Менің бабам көтерген керегенің,
Іргесінен жау түгіл жел өткен жоқ.
Асқақтықпен жаралса тегінде адам,
Асып түспес даңқынан небір заман.
Дауылға да еңкеймес еркіндікті,
Еншілеп кеткен бізге, сенің бабаң.
Менің бабам!
Далам да асқақ, қорғаған бабам да асқақ,
Жараспас асқақтықтан маған басқа ат.
Бабамның табанының табы қалған,
Жолдың бәрі келеді маған бастап.
Мен солай жаралғанмын батырдан хас,
Шығарған да сол бабам атымды алғаш.
Енді оның аманат пен ақ арманын,
Қылдай қиянаттауға хақым болмас.
Қайратына сендірер бектің де өзін.
Қазір менің қылыштан өткір кезім,
Аспанның бір тілімін байрақ қылып,
Дулыға етіп киетін көк күмбезін.
Арының алдындағы адалдықпен,
Бұл күнді менің ата-бабам күткен,
Қазір менің қасқайып тұрар шағым,
Бас көтерсем қол соғар ғалам біткен.
Жастығымның лаулатып жанар отын,
Қайта құрып бірліктің қағанатын.
Өзімді емес, өлгенше сақтап өтем,
Адамның һәм Бабамның аманатын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу