Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  301


Автор: Аслан Ғафуров

ТАУЛАР!

Биік-биік бұралаң,
Сауыр-Сайхан аумағы.
Шұбатылған шұбалаң,
Тарбағатай таулары.

Кәрін шашып төбемде,
Бұлттан ызғар тарайды.
Кәрі жартас төменге,
Қабақ түйе қарайды.

Тау тарихы білгенге,
Жылдар өтіп жүдеген.
Түмен әскер бұл жерге,
Талай мәрте түнеген.

Сайхан таудың саурына,
Жауда талай беттеген.
Кімдер келіп баурына,
Кімдер сірә кетпеген?

Қаңғып кеткен бабам-ай,
Қолын үзіп шылбырдан.
Көз ашпаған далам-ай,
Қиянат пен қырғыннан.

Жауда қашқан бұл тауда,
Түре қуып жылқысын.
Тәңіріме мың тәуба,
Көрдім жұрттың күлкісін.

Саяңда өстім Сайханым,
Самалың бал Сауырым.
Өлең қылып айтамын,
Өткен-кеткен дәуірін.

Тұғырлы елім сүйіктім,
Туып-өскен ауылым.
Тұғырындай биікпін,
Тарбағатай тауының!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу