Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
28.09.2021
242
Алау сезім
Алау сезім қанатында
Көңіл көпті қиялдайды.
Қонбайынша құзар шыңға
Арманнан бой тыя алмайды.
Махаббаттың ақ жалыны
Шарпымаған жан болмайды,
Бірақ бәрі мәңгі үзілмес
Ғасыр асқан ән болмайды.
Ол көңілдің көктем шағы,
Гүлі көктеп бір дүр еткен.
Жанды жаулап, көзді баурап,
Жадыратып бір түлеткен.
Алқындырып, алауға орап,
Аймағыңды сағым қуған.
Санаң сезбей өзге сырды,
Табындырған, сағындырған.
Мәңгілік жоқ, мәңгі де жоқ,
Сезім сусып түскен торғын.
Жібек желдей желпіп өтіп,
Зырлағанда уақыт орғып,
Күн еңкейіп, ыстық қайтып,
Таудан шапақ асырады.
Соған мойынсұнып сонау
Алау сезім басылады.
сезім көңіл Тұрсынхан Әбдірахманова Тұрсынхан Әбдірахманова өлеңдері Тұрсынхан Әбдірахманова шығармашылығы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter