Өлеңдер ✍️

  18.09.2021
  320


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Қадам

Кейбіреу тағдырына шағынады,
Кейбіреу мәңгі соған табынады.
Қадамын шалыс басып, тірлігіне
Лағынет айтушы да табылады.
Осылай парлап кезден жас таматын
Немесе бақыт қағар жас қанатын
Болса да,
қадам біткен әркімге тән
Тәрізді адамдықтан басталатын.
Қадам бар басталатын еркелеп те,
Қадам бар із қалдырар ертелеп те,
Қадам бар басталатын ішімдіктен,
Баста деп солай біреу желкелеп пе!
Қадам бар ілгерілі-кейінді де,
Қадам бар аңыз болған кейінгіге.
Тізгінсіз жаралған жоқ дүниеде
Қолына ала білген пейілдіге.
Қадам бар әдіпті де, аршынды да,
Қадам бар қағып өтер алшыңды да.
Осылай десек тағы қырсық, кеміп,
Қисықтан дүние тегіс аршылды ма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу