Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  234


Автор: Қадыр Мырза Әли

Кімге енді жалбарынам жайып қолды

Кімге енді жалбарынам жайып қолды?!
Бір сәтте жүзіп өтті қайық көлді.
Апыр-ай!
Былдырлаған бөбек кезім
Бір жылап алғанымша ғайып болды.
Мұндайда ерте оянған әтеш ұтты-ау,
Мұндайда қабағыңды қате шытпау...
Шіркін-ай,
Жайраңдаған жігіт шағым
Бір күліп болғанымша өте шықты-aу!
Жастығым әрі құтты,
Әрі үмітті —
Ештеңе көрмегендей —
Жар ұмытты.
Болатын көп сияқты әлі уақытым,
Бір ойлап алғанымша бәрі бітті.
Жалт еткен жас сұлудың қарасындай
Зымырап, уақыт-тұлпар, барасың ба, әй!
Жиырма менен елудің екі арасы
Алматы — Шамалғанның арасындай!
Әлі есік қақпағанмен қаралы күн,
Мен, мүмкін, осыны ойлап «жаралымын».
Бауырым, білем деме,
Есептеме
Күлкі мен көз жасының аралығын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу